Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында “Алматы” ауданы Полиция басқармасында жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен құқық қорғау қызметіне деген құрметті қалыптастыру мақсатында № 32 мектеп-гимназияның 4-сынып оқушыларына арналған танымдық экскурсия өткізілді.
Экскурсия басқарма ауласында орналасқан ерен ерліктің белгісі — қызметтік борышын өтеу барысында қаза тапқан батырлар, полиция лейтенанты Әбдіғаппар Ділманов пен милиция кіші сержанты Жанайдар Жирентаевқа арналған мемориалдан басталды.
Бұл батырлар өз өмірлерін тәуекелге тігіп, бейбіт тұрғындардың амандығы үшін жанын пида етті. Олардың ерлігі — нағыз батылдық пен отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісі.
Одан кейін оқушылар акт залына барып, басқарма мұражайымен танысты. Мұнда полиция капитаны Ғазиз Байтасовқа арналған мемориалдық тақта орнатылған. Ғазиз Байтасов — ерекше қауіпті қылмыскерді ұстау кезінде ерлікпен қаза тапқан шынайы батыр. Оның ерлігі — абырой, ерлік пен антына адалдықтың белгісі.
Балалар кезекші бөлімшесінің, тергеу және криминалистикалық бөлімдердің жұмысымен танысып, криминалистикалық чемодан мен арнайы техникаларды көріп, қылмысты ашудағы кәсіби тәсілдер туралы қызықты ақпарат алды.
Іс-шара балаларға жылы әсер қалдырып, еліміздің қаһарман полицейлеріне деген мақтаныш пен құрмет сезімін оятты.
https://www.instagram.com/reel/DKAZOxzsZl4/?utm_source=ig_web_copy_link&igsh=MzRlODBiNWFlZA==